Поиск

Дмитрий Непогодов ұлттық құрама, ҚПЛ және бапкерлікке дайындығы туралы айтты.

  • Мұны бөлісіңіз:
Дмитрий Непогодов ұлттық құрама, ҚПЛ және бапкерлікке дайындығы туралы айтты.

Футболдан "Ұлытау" және Қазақстан құрамасының қақпашысы Дмитрий Непогодов KFF League порталына сұхбат беріп, Жезқазған клубына ауысуы, маусым басындағы әсерлері, ұлттық құрамадағы ең есте қаларлық ойындары және болашақта бапкерлік бағытқа қадам басу жоспары туралы айтты.
– Дмитрий, "Ұлытауға" қалай келдіңіз? Ұсынысты қашан алдыңыз және Қазақстанды таңдауда сіз үшін шешуші фактор не болды?
– Барлығы өте тез шешілді. "Ұлытау" өкілдері хабарласып, жоба мен клубтың мақсаттары туралы айтты. Әрине, мұнда Николай Родионов пен Талғат Байсуфиновтың болуы маңызды рөл атқарды. Оларды ұлттық құрама сапында жүрген кезден бастап жақсы танимын, көзқарасы мен жұмыс философиясын білемін. Сол себепті ұсынысты қабылдадым.
– 20-турдан кейін "Ұлытау" турнир кестесінде 12-орында тұр. Команданың қазіргі жағдайына көңіліңіз тола ма және маусым соңына дейінгі мақсат қандай?
– Әрине, толық қанағаттанып отырмыз деп айта алмаймыз. Біз бұдан да көп ұпай жинауымыз керек еді. Бірақ бұл клубтың Премьер-лигадағы алғашқы маусымы екенін және команда енді жасақталып жатқанын да ескеру керек. Басты мақсат – лигада қалу. Сонымен қатар болашақта үлкен мақсаттарға жете алатын бәсекеге қабілетті ұжым қалыптастыру.
– Сіз әртүрлі чемпионаттарда ойнадыңыз. ҚПЛ деңгейі сіз оралғаннан кейін өзгерді ме?
– Деңгей сәл төмендеген деп ойлаймын. Бұған легионерлерге енгізілген жаңа қаржылық шектеулер әсер етті. Бірақ бұл уақытша құбылыс деп сенемін. Жаңа ережелер қазақстандық жас ойыншыларға көбірек ойын уақыты береді, ал бұл олардың дамуына мүмкіндік жасайды.
– Сіз қақтығыс жүріп жатқан Украинада да ойнадыңыз. Мұндай жағдайда алаңға шыққанда қандай сезімде болдыңыз?
– Өте ауыр сезім. Жаның қалаған іспен айналысып жатсаң да, алаңнан тыс жерде қандай қасірет болып жатқанын сезесің. Осындай сәттерде бейбітшіліктің қаншалықты қымбат екенін түсінесің. Дегенмен футбол – адамдарды басқа ойға бұратын, оларға үміт пен эмоция сыйлайтын ойын. Біз қандай жағдай болса да, өз жұмысымызды атқаруға тырыстық. Әрине, түрлі қиындықтар болды: кей командалар соғыс қимылдарына жақын болғандықтан өз алаңында ойнай алмады, кей матчтар әуе дабылы кезінде тоқтатылды. Соған қарамастан, чемпионат өтті.
– Қақпашы үнемі бабында болуы керек деп жатады ғой. Сіз үшін физикалық дайындық маңызды ма, әлде психологиялық па?
– Екеуі де маңызды. Физикалық дайындықсыз негізгі міндеттерді орындай алмайсың. Ал психология – жақсы қақпашыны ұлы қақпашыдан ажырататын қасиет. Ең қиын сәтте өзіңді ұстай білу – тұрақтылықтың кілті.
– Қазақстан құрамасы сапында 13 матч өткіздіңіз. Ең есте қалған ойын туралы айта аласыз ба?
– Әрине, Шотландияға қарсы матч ерекше есімде қалды. Біз өз алаңымызда ойнап, 3:0 есебімен жеңдік. Бұл нағыз командалық жеңіс болды. Атмосфера, жанкештілік, эмоция – бәрі бір-бірімен үйлесті. Бұл – мен үшін ұлттық құрамадағы ең жарқын сәттердің бірі. Сондай-ақ Грузиямен сырт алаңда өткен ойынды да айтар едім. Сол матчта мен дебют жасадым. Өкінішке қарай, 2:1 есебімен жеңіліп қалдық. Бірақ мұндай ойындар өмір бойы есте қалады.
– Жас қақпашы жақсы нәтижеге жетуі үшін қандай үш қасиетті дамытуы керек деп ойлайсыз?
– Біріншісі – еңбекқорлық. Еңбек етпей, алға жылжу болмайды. Екіншісі – зейін. 89 минут бойы түк істемей, 90-минутта командаңды құтқаруың мүмкін. Үшіншісі – өз-өзіне деген сенімділік. Қателік бәрінде болады, бастысы – тез қалпына келе білу керек.
– Мансабыңызды аяқтаған соң футболда қалып, өзіңізді бапкер ретінде елестетесіз бе?
– Иә. Футбол – менің өмірім. Мүмкін, бапкерлікті қақпашылармен жұмыс істеуден бастармын. Қазірдің өзінде бапкерлікке арналған В-УЕФА дипломын және қақпашы бапкері болуға арналған В-УЕФА дипломын алдым. Сондай-ақ қазір PASS халықаралық платформасында "Скаутинг және аналитика" курсын оқып жатырмын. Біртіндеп жаңа салаға дайындалып жүрмін, бірақ нақты қашан ауысатынымды әлі шешкен жоқпын.
– Сізді ұлттық құрамаға шақырған Талғат Байсуфинов қазір "Ұлытауда" басшылықта. Бірлескен жұмысыңызды қалай бағалайсыз?
– Талғат Маруаұлы – қазақстандық футбол үшін адал еңбек етіп жүрген жан. Ол шынайы футбол харизмасына ие, елдегі футболдың қыр-сырын жақсы біледі, ойыншылармен жақсы қарым-қатынаста және команданы тыңдай біледі. Оның тәжірибесі "Ұлытаудың" ғана емес, Жезқазған өңіріндегі футболдың дамуы үшін де аса маңызды деп есептеймін.

ИСТОЧНИК: kffleague.kz